Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында мектебімізде “Бүгінгі мектеп түлегі – елдің ертеңгі тірегі” атты төртінші түлектермен кездесу кеші өтті. Шара 11-10 сынып оқушыларына мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы, ҰБТ-ға дайындық және студенттік өмірдің ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуге 20-дан астам пән мұғалімдері мен 70 оқушы қатысты. Қонақ ретінде келген түлектеріміз – Қазақ-Британ техникалық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және еліміздің т.б жетекші ЖОО студенттері – өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларға пайдалы кеңестерін айтты.
Шара барысында түлектер өмірде қол жеткізген жетістіктерін әңгімелеп, ізбасарларына ақыл-кеңестерін берді. Оқушылар түлектерге: “ҰБТ-ға қалай дайындалу керек? Оқуға түскеннен кейін не істеу керек?” сияқты маңызды сұрақтар қойып, көкейлеріндегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Кеш соңында қатысушылар ән мен жырдан шашу шашып, мұғалімдеріне ризашылықтарын білдірді. Студенттер мен оқушылар арасындағы бұл жылы жүздесу болашаққа сеніммен қадам басуға үлкен серпін берді.
Мектеп ұжымы осындай тағылымы мол кездесулерді алдағы уақытта да ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

